2023-2024 оқу жылындағы мектеп формасы Қазақстан Республикасы Білім мен ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығымен бекітілген
2. Орта білім беру ұйымдарындағы міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар
5. Орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасы (бұдан әрі – мектеп формасы) оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді. Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады.6. Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіледі.
7. Мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді.
8. Ұлдардың мектеп формасы:
пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде (қысқы мезгілде: трикотаж жилет). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
9. Қыздардың мектеп формасы:
пиджак, юбка (ұзындығы тізеден асатын), шалбар, классикалық жейде (қысқы уақытта: трикотаж жилет). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
10. Ұлдардың мерекелік формасы күнделікті формаға қосымша ақ жейдеден, қыздар үшін ақ түсті блузкадан құралады.
11. Ұлдар мен қыздарға арналған спорттық форма спорттық костюмнен (спорттық шалбар, куртка, футболка), спорттық аяқ киімнен (крассовка, кеды) тұрады.
12. Мектеп формасына классикалық пішіндегі мектеп формасының негізгі түсіне сәйкес немесе кереғар келетін галстук тігіледі.
13. Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды.